Е. РАУШАНОВ: ТӘКЕН ӘЛІМҚҰЛОВ НЕМЕСЕ ЖАЛҒЫЗДЫҚ ЖЫРЫ

Қалихан Ысқақов пен Асқар Сүлейменовті ерекше жақсы көретін. Бұл екеуінен де гөрі Аян Нысаналинді «ол менің қанды көйлек досым» деп мақтаушы еді. Жас айырмашылықтарына қарамастан екеуінің достығы, шынында кісі қызығарлықтай болатын. Кейін Аякең ұстаз ағасы туралы  көлемді естелік жазып, жариялады. Қызығып отырып оқып шықтық. Жалпы, Тәкен туралы жазылған дүниелердің қай-қайсысы да назардан тыс қалмақ емес.

Аякеңді мақтай бастаса әңгіме міндетті түрде Мәскеуге, орыс бикештеріне, жас кезіндегі серілік һікаяларына ауысатынын білетінбіз. Бірақ, тұтастай алғанда соғыстан соң туғандар туралы пікірін біз «Нар баласын қарпып сүйеді» дегенге сайғанды жөн көреміз. Басқаша түсіну қиын. Інілеріне өзінше ат қойып, фамилиясымен де, есімімен де емес, сол өзі қойған аттарымен шақыратын. Мысалы, Асекеңді «Сәлдесіз», Қалихан Ысқақовты «Кетік», Төлеген Тоқбергеновті «Ықылас», Аян Нысаналинді «Шырақ», Сатыбалды Нарымбетовті «Аллаһу», Мұса Рахманбердиевті «Арықдулат» тағы бір ағамызға «текешік», енді біріне «бүйен бала», «нарбас», «мәлін» т.б… Соңғылардан «тіл алғыш балалар» деп Әуез Бейсебаев пен Мұса Рахманбердиев марқұмдарды жанына жақын тартты. Көп жұмсайтындарының арасында мен де болдым ғой деймін… Табан астынан өлең шығаратын өнерін «бала кезімде көзтаңбалының келіншектерімен, таманың қыздарымен көп айтыстым, содан қалған әдет қой» деп отыратын.

Әлбетте, не десек те Тәкен қазақ прозасында күй тақырыбын осыншалықты биікке тұңғыш көтерген жазушы. Әсіресе, шертпе күй туралы осы күнге дейін Тәкендей терең танып жаза алған ешкім жоқ. Мұнда да Жалғыздық туралы ой басым. Мысалы, Сүгір күйші тобырдың ортасында отырып күй тартпаған. Оның шедеврлері ылғи да оңашада туған көрінеді. «Сүгірдің кеудесі күмбірлеп кетті. Бастапқыда бунақ толық айналғанда, домбыраның шанағынан «дөри-дөри-дай, дөри-дөри-дайлаған» өкінішті уһіл шықты. Баяғы уһілдер бұның ширегіне келмейтіндей. Сүгір шектен тыс қайталап, шерлі жүректі әлдилеп, сазарып отырып алды. Сазарған бет бірте-бірте тепши бастады. Күйшінің дидары шымырлап, иығы қайта бүлкілдеді.

Күйші атаулыда басыр түйсік болмақ. Сол түйсік Сүгірдің кеудесінде оқыс оянды. Енді шертіс те, шымшыс та өзгерді…»

Әбікен… «Көкейкестінің» өзіне кірісті. «Қосбасардай» төрт тағандамай, жеті таған қағыс басталды. Сегізінші қағыс төмен қарай тармақталып, бастауыш буынға ерекше бір келісті көрік бітірді. Ерсілі-қарсылы қағылған астыңғы ішек «тау-тауу-таулап» біразға шейін қоңыр қаздай қаңқылдап тұрып алды. Алысқа аңқылдар арманның иірім-иірімінде үстіңгі ішек жібектей жұмсақ үн қосып, дыбыстар бірте-бірте жиілеп, қосқабаттанып, неше түрлі сурет пен сезімді сапыра бастады..» («Көкейкесті» )

Біз оған қатты табынып өстік, содан болар ол кезде әлдекім бізге Тәкен әңгімелерінде де кемшілік болады десе сенбес едік. Бір-екі рет «Қараой» деген әңгімесін бізге дауыстап оқытқаны бар. Өзі болса ара-тұра «не дейді, солай деппін бе, осы тұсын тағы бір рет оқышы» немесе «мына жерін қаламмен белгілеп қой, кейін қайта қараймын» деп бірде нұрланып, бірде сұрланып отырып тыңдады. Мысалы, осы әңгіменің бір жерінде «Махамбеттің сенген жаны көп те, сенімін ақтағаны аз. Көзіне шөп салғандарды ойына алғысы да келмейді» деген жолдар бар. «Көке, көзіне шөп салу деген тұрақты сөз тіркесі әйел мен ердің ара қатынасына байланысты айтылмаушы ма еді?»,– деп жасқана сұрағаным бар. Көкем «Тұрақты сөз тіркесі дегенді қай білгіш шығарған?» – деп мұрнын уқалап біраз үнсіз отырды да: «Жүгермек, сендердің білетіндерің сол төсектің маңы ғой баяғы», – деп кейіді. Содан қайтып мұндай әңгіме айтпайтын болдым. Осы «көзіне шөп салу» деген сөз басқа әңгімелерінде де жиі кездеседі. Қай-қайсысында да «көңілін қалдырды, ренжітті» деген сыңайда қолданылады. Расында, сол тұстағы көп ағаларымыздан, әсіресе, соғыстан бұрын мектепке барғандар арасынан қазіргі қазақ тілінің морфологиялық құрылым терминдерін яки сөз таптары аттарын нашар білетіндері мен тыныс белгілердің қойылу тәртібінен мүлде хабарсыздарын да көзіміз көрді. Бір ағамыздың етістік атты сөз табының көсемше, есімше деген категорияларын естіп «мынауың «тоқалша», «қаймалша» деген секілді естіледі екен» – деп күлгені бар. Тағы бір тұста көкеміз «Мың бір түнді» жатқа білетін хариды еске түсіреді» деп жазады. Хари деп «Құран Кәрим» сүрелерін жатқа білетін адамды айтатын секілді еді, ал «Мың бір түн» деген әрі кеткенде көркем шығарма, бері салса араптың көп ертегісінің бірі емес пе?» деп сұрамадым. «Сирек біткен биік қызыл изендердің басы аралға ұқсаса, ақ селеулердің үкісі желбіреген желкенді еске түсіреді». Еске түсірсе түсірер, бірақ көзге елестеу қиын. Тіркес Махамбет өлеңінің негізінде жасалғаны көрініп тұр, бірақ дұрыс құрылмаған секілді. Махамбетте «Арқаның қызыл изені-ай, басы күрдек, түбі арал» дейді. Тәкен көкеміз болса изеннің басын (?) аралға, селеудің үкісін желкенге ұқсатады. Ол қандай желкен, әлде жекен дегісі келді ме екен? Қалай болғанда да көзге елестету қиын. Осы әңгіменің басында Қараойды «Үстінен құс ұшпайтын шөл ойпаң» деп суреттейді. Һікаяның аяғында болса «Қараойдың үстінде көңқарға мен қызғыш ұшып жүрді» деп жазады. Қызғыш – шөлдің емес, көлдің құсы. Тағы да сол Махамбетке жүгінсек «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс» деп басталатын өлеңін еске алыңызшы. «Көл қорыған сен едің» демей ме? Қызғыштың (орысша – чибис) шөлге қалай барып қалғаны түсініксіз. «Дөңдер асатын жолаушы суыт жүрмейді» деп те жазады. Осының дұрысы «дөң асатын» емес пе? «Екі түйе, бір бота мен жалғыз жылқы» деген жолдардың соңғы сөзі «жалғыз ат» емес пе? «Жалғыз жылқылы кедей» демейді, жалғыз атты кедей дейді ғой. Келесі бір бетте «Бұл күнде бұлақ, бастаулары тартылған жайлау» дейді. Қараойдағы қайдағы бұлақ, қайдағы бастау, алдында ғана өзі «үстінен құс ұшпайтын шөл ойпаң» демеп пе еді? «Махамбет үй сыртында ұзатылатын қыздай ұзақ тұрып қалды» деп жазады. Батыр Махамбетті («Бізге біткен бес еркектің буы бар») ұзатылатын қызға теңеу келісіп тұрған жоқ. «Неге екенін қайдам, Қараойды айналып шықпақ болды» деп жазады. Дәл осы тұста бұл сөйлемді «неге екенін кім білсін» немесе «неге дүр» бастаған жөн емес пе? Осы «неге екенін қайдам» «Жиендік» атты әңгімесінде де жүр. «Көк қаршығада»: «Ақан бұл уақыттың бәрін думанды өткізді. Күн сайын шалдың қасына ауылдың селт етерлері ергіштеп, қырғауыл ілген, қоян алған қаршығаның қызығын көреді» деп жазады. Бүгінде Көкше маңында қырғауыл жоқ. Бәлкім, бір кездері болған шығар. Заманауи орнитологтар құстану ілімін жер жағдаяттарымен, ауа райы, қоршаған орта ерекшеліктерімен сабақтастыра зерттейді. Олардың пайымдауынша Ақан өмір сүрген аймақта қырғауыл (фазан) өседі дегеннен гөрі саңырау құр (глухарь) немесе құр (тетерев) өседі деген сенімдірек. Ғалымдар тіпті, қырғауылдың бұл төңіректе бір кездері болғанына да күмән келтіреді. Қырғауыл кейбіреулер жазып жүргендей арғы Алтай тауларында да өспейді. Өспеген де. Ол тауларда ұлар бар.

Жә делік, тырнақ астынан кір іздеп, бір білгенін екі етіп көрсеткісі келетін тыраштықтан аулақ қоналық. Жаңылмайтын жақ бар ма? В. Белинский «Гамлет. Шекспирдің драмасы» (1838) атты еңбегінде он алтыншы ғасыр әдебиетінде өздері жаңа аңғарған, тақауда білген жәйттерін өздері қызықтап көп сөзділікке, мылжыңдыққа ұрыну кең етек алғанын келекелейді. Мұны біздің қазақ «жаңа киген бөз көйлектің де екі-үш күндік желі бар» дейді. Айта берсеңіз, осы тақылеттес «әттеген-айлар» классик жазушылардың шығармаларында да бар. Мысал керек пе? А.С. Пушкиннің «Сұлтан патша туралы һікаясына» көз жүгіртіңізші:

Бьется лебедь средь зыбей,

Коршун носился над ней.

***

Қалыңда қайран аққу бұлқынады,

Кезқұйрық ілгісі кеп ұмтылады.

(Аударма Аманхандікі).

Кезқұйрық (қарақұс) аққуды іле алмайды, ілмек түгілі маңына да бара алмайды. Ол су құсы емес, тіпті, кейде көлде де жүреді деген күннің өзінде аққу секілді алып құсқа түсуі үшін ол ақсұңқардай (кречет) қайратты, лашындай (сапсан) айбатты болуы керек. Ал қарақұс болса орнитологиялық анықтамаларда айтылатындай, көбінесе өлексе, қалған-құтқан, бақа-кесіртке деген секілділермен қоректенетін құс.

Осы тақылеттес мысалдарды Л.Н. Толстойдың «Казактар», Н.В. Гогольдің «Тарас Бульба» атты шығармаларынан да кездестіруге болады. «Ал балалар, кеттік» деді Бульба есік алдында ерттеулі аттарға қарай бет алып. Чортқа (Тарас өзі мініп жүрген жарауды осылай атайды – Е.Р.) қарғып мінген сәт арғымақ арқасына қона кеткен жиырма пұт салмақтан белі қайқайып барып, ытырыла жөнелді» (Бұны дағы Аманхан мырзаның тәржімасы деп білгейсіз.) 20 пұт салмақ деген не? Ол 320 киллограмм деген сөз. Тарас сұмдық семіз еді дегенмен соншалықты ауыр болуы мүмкін бе, мүмкін деген күннің өзінде оны көтеріп шабатын ат қандай болды екен? Әлбетте, әлемде талай қызық бар демекші, Алла Тағала адам баласын әртүрлі ғып жаратады. Тарихта Тарастан да ауыр адамдар болған, әлі де бар. Мысалы, Гиннестің рекордтар кітабында Джон Миннох (1941-1983 ж.ж.) деген америкалық туралы айтылады. Ол 635 килограмм салмақ тартқан көрінеді. Оны аз десеңіз Кэрол Иегер дейтұғын әйелдің салмағы 727 килограмм тартып еді деген деректі де осы кітаптан табасыз. Бірақ Тарас бұл тізімде жоқ. Осы һікаяның тағы бір жерінде Тарастың екі ұлын иегіне әлі ұстара тимеген бозбалалар еді деп суреттейді де, біраздан соң «Остаптың жасы жиырма екіде» деп жазады. Он үште отау иесі дегенді қазақы асыра сілтеу дейік-ақ, бірақ жиырма екідегі еркектің сақал-мұрты болмауы мүмкін бе? Көсе болса қиядағыны шалатын қырағы Гоголь ол жәйлі міндетті түрде айтар еді ғой.

Шекспир шығармашылығының шыңы боп есептелетін «Дания ханзадасы Гамлет» атты пьесаны білмейтін кім бар? Бұл адамзат тарихындағы мәңгі жасай беретін көркем туынды екені даусыз. Байқап қарағанға бұнда да біраз кілтипан бар. Пьеса басталғанда Уитенбергте (Алмания) оқып жатқан жас ханзада әкесінің жаназасына келеді емес пе!? Ол кезде жастар университетке он бес, он алты жасында түседі екен. Мақұл делік. Бұл екі аралықта Клавдий (Клаудиус) патшаның оң қолына айналып үлгерген чеймбірлен лорд (яки бүгінгі тілмен айтқанда сарайдың іс басқарушысы) Полонийдің (Полониус) ұлының аты Лаэрт (Лаэртес), қызы Офилия (Офилиус). Ол қызға Гамлет ғашық. Қарындасын райдан қайтармақ болған Лаэртес «Ол әлі жас қой» деп қашыртады. Мұны сіз бірінші актінің үшінші бөлімінде естисіз. Осындай жақауратпаны өз қызына өзі жеңгетай болып жүрген (астағыфиралла!) чеймбірлен лордыңыз да тастиықтайды. Ал бесінші актінің бірінші бөлімінде көр қазушы әке Гамлеттің бұдан аттай отыз жыл бұрын Норвегия королінің шаңырағына қобыз тартып, шауып алған кезі бала Гамлеттің дүниеге келуімен яки туған күнімен тұспа-тұс келіп еді дейді. Демек бала Гамлеттің жасы он бес-он алтыда емес, отызда. Отыздағы адам қалай жас болады? Абай «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» атты өлеңін жазғанда қырықтың ішінде емес пе еді? Гете Шекспирді керемет құрметтеген. Шекспир туралы атақты мақаласы, өкінішке қарай, қазақшаға әлі аударылған жоқ. Оны айтасыз, Шекспирдің толық шығармалар жинағын қазақшалау да алдағы күндердің еншісінде. Сол Гете мына жәйтке назар аударады. «Макбезс» (осы күнге дейін орыс фонетикасына сәйкес аталмыш пьесаны «Макбет» деп келдік, анығында орыстан өзге еуропалықтардың бәрі дерлік оны Макбезс дейді. Шығыс халықтары да солай дейді) бір жерде бала емізіп отырды десе, енді бір жерде оны пұшпағы қанамаған әйел еді дейді.

Мысал көп. Бір нәрсенің басы ашық. Осының бәрін классиктердің қатесі дегеннен гөрі «батыр аңқау, ер көдек» аңғармай кеткен тұстары деген жөн бе екен? Баспаның қатардағы қырағы көз редакторы білетін, білетін һәм түзетуге тиісті жәйттерді (Тәкен көкем мұндайда «арзымайтын нәсте» деп сөйлейтін) азуы алты қарыс классиктер білмейді деген сөз емес. Бәлкім, әдебиет танушыларымыз бен сыншыларымыз келешекте бұған бір термин ойлап табар, меніңше, бұл алыптың аяқ астындағы шөп-шөңгеге көзі түспейтіні секілді бір кешірімді дүние. Әлбетте, дер кезінде түзелсе, нұр үстіне нұр.

Шертпе күй демекші… Тәкен туралы соңғы кезде көп жазылды. Мен үнсіз қалып келемін. Асқар Сүлейменов туралы да. «Екеуіне арамыздағы ең көп ерген сен едің ғой, неге жазбайсың?» дей-тұғын достарымның базынасы орынды. Осы жерде Асекеңнің жұбайы Әлия Бөпежанованың ренжитін жөні де бар. Мен жаза алмай жүрмін. Жұртқа ұқсағың келмейді… Тағы да сол Жұмекен марқұмды сәл өзгертіп айтқанда «Аға мықты, інісі нашар болса өстеді». Сол естелікшілердің бірсыпырасы Тәкең мен Асекеңді сұмдық күйші еді, шертпе күйдің шеберлері еді деп те мақтап жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Оларды күйші еді деу артық. Рас, Асекең салатын Біржанның «Теміртасын» ешкім де қайталай алмай келеді. Хамаң марқұм (Хамит Ерғалиев) қазақта тұңғыш рет күйге сөз жазған ақын. Оның «Айжан қызы» осындай дүние. Тәкеңнің шертпе күйді түсіндіруі де сондай құбылыс. Мәзкүр жанрды көркем әдебиетте тап Тәкендей бүге-шігесіне дейін ақтарып жаза алған ешкім жоқ. Сөйте тұра көптеген әртістерге «бір кітапты аяғына дейін оқымаған құр кеуде, желікбас» деп қатты ренжитін. Әншілердің сауатсыздығы, жасанды қылықтары, әдеп ахлағы туралы Мәскеу әзілдерін көп білуші еді. Оның, әсіресе әйел әншілер мен әртістердің интеллектуалдық деңгей дәрежесі туралы кейде біржақтылау естілетін байламдарына не себеп болғанын мен білмеймін, жалпы әйелдер туралы Тәкен көкеміз басқаша ойлады. Ол үшін күй, нақты айтқанда шертпе күй бір төбе де, өнердің басқа салалары бір төбе секілді еді. Бірақ ол әлдекімдердей біреудің күйін, біреудің әнін біреуге оп-оңай тели салуға немесе төкпе күй мен шертпе күйді қарсы қойып, сол арқылы ел арасына іріткі салуға араласқан жоқ. Құл кекшіл болады дейді көне грек мақалы. Құлға бостандықтың керегі жоқ, оның есіл-дерті кек қайтару, өш алу. Шертпе күйдің ұзақ жылдар шетте қалуынан әлдеқандай бір арамдық, зымыстан қастандық іздейтін құлтеке сөздер, әсіресе, соңғы жылдары өршіп тұр. Қазақы надандық арамшөп сияқты, отап тастаған сайын қаулап қайта өседі.

Бірде Шығармашылық үйінде жатқан Тәкеңе шақыртпай бардым. Ол кезде біздер ағаларымыздың үйіне ылғи да шақыртпай баратын едік. Тәкең (шамасы Асқар Сүлейменов әкелген болса керек, себебі мұндай сұлу дүниелер тек Асекеңде болатын) әдемі қара домбыраны шертіп отыр екен. Шынын айтқанда, шертіп отыр деген аты ғана, қауқары қашқан саусақтар иіліп бүгілгісі келмейді, саусақтар күйшіге, күйші саусақтарға бағынбай үнсіз арбасып, іштей тіресіп отырған секілді. Есіме оның Қасым Аманжоловтың домбырасына арнаған «Домбыра қайран, қалыпсың қаңсып» деп басталатын өлеңі түсті… Сүкеңнің «Бозінгені» құдыққа жете алмай орта жолда төрт табандап қалған…(«Оған осы күйдің басы ұнайды. Дірілдей дөңгеленетін бунақ қуалай соққан қоңыр желді елестетсе, қайырмасы сол желдің уілдеген үһілене ұқсайды. Өкініштің ләззәті жүректі әлдилейді». «Телқоңыр») Кенет Тәкең домбыраны тастай салды да, қаршығадай сілкініп, күйдің жалғасын «трәй-тәй, трәйлім-тәй-тәй» деп «ауызша» тарта жөнелді. Қара домбыра сұлық жатыр. Өзі айтпақшы «сұрау белгісіндей иіліп отырған ашаң ақын» мен есіл домбыраның осы бейнесін мен кейін, арада қаншама жыл өткен соң есіме алдым. Ол былай болып еді. 1995 жылы Семейде, Шыңғыстауда өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы кімнің жадында несімен қалғанын білмеймін, менің көз алдымнан кетпейтін бір сурет аламан бәйгеден бірінші боп келе жатқан жирен аттың мәреге жете бере құлаған сәті. Дәлірек айтқанда, сол мезет атшабар бала жүйріктің жүгенін сыпырып алып, мәреге қарай жаяу жүгіргені. Қайран тұлпар «қайтейін, қарағым. Менің халім осылай болды, мен жете алмадым, сен жет, қарайлама маған» дегенді үнсіз ұқтырып, екі көзден жас парлап жатқан жерінде қала берді. Құлдыраңдап, құлап сүрініп бара жатқан қалқа бала мәреге жеткенше сол жолғы Тәкеңнің тізесінде үнсіз сұлап қалған қара домбыра мен «ауызша тартқан күйі» тілімнің ұшынан кетпей қойғаны (Сол баланың көз жасына қалып, бәйгесін бермей қойған қазыларға не деген рауа? Ол қазақтың ежелден бар дәстүрін қайталады емес пе? Ал біз оған рахмет айтудың орнына алдын ала дайындалған сценарийді бұзды деп күстәналадық. Иә… сүйегі темірден жаратылғандай қаншама қатты болса да, ер кісінің оңаша қалған бір сәттерде өзінен өзі босап, көз жасын сығып алатын кездері болады. Бесіктен белі шықпай жатып әділетсіздіктің орына түскен есіл де ғана балапан қайда жүр екен бүгінде. Мен сені есіме жиі алатын боп жүрмін, қалқам…)

Тәкеңнің поэзия туралы танымын классикалық орыс әдебиеті мектебіндегі әдебиеттану соқпақтарынан табамыз. Менің тұңғыш кітабым туралы пікір айтқан ағаларымыз көп болды. Қай-қайсына да рахмет. Мақтау-марапаттарды қоя тұралық. Оның көбі, меніңше, жаңа талап, жас баланың көңілін жықпалық деген ағалық жанашырлықпен айтылған секілді. Арасында сынағаны, шындықты айтқаны Тәкен еді. «Бейуақ көрген түсіңдей» деген жолымды оқып: «Қазақ бейуақ ұйықтамайды, ол жаман ырым, ұйықтамаған адам қалай түс көреді, сендер салт-дәстүрді, таным-түсінікті білмейсіңдер», – деді. Бірде кеш бата барсам, есігі ашық, қонақтан кеш келсе керек, бөлмесінде ұзыннан түсіп ұйықтап жатыр екен. «Бейуақтағы ұйқы деген осы ғой» деп күлдім. Бірақ өзіне айтпадым. Менің өлеңдеріме қатысты тағы бір қадап айтқан сыны мынау болды: «Шырақ, теріскейдің елі сөзді толық айтады, күнгейліктер сөз аяғын жеп қояды. Мысалы, «болып» демейді «боп» дейді, «келіп» демейді «кеп» дейді. Сен осы «боп» пен «кепті» азайтқаның жөн. Сосын «баратқан» дегенің не сөз? Осының дұрысы “бара жатқан ғой”. Мен дұрыс айтылған, жөнімен айтылған сынды іштей мойындап тұрсам да «көке, «бару» басқа, «жату» басқа емес пе?» деп қалжыңға салып көріп едім, көкем ренжіп, бірден тыйып тастады. «Сендер, кейінгі жастарды айтам, үлкенің бар, кішің бар, қылжаққа үйірсіңдер, өспей, өнбей жүргендерің де содан» деп бастап, біз кәнігі деп санайтын жазушылардың шығармаларынан біраз мысалдар келтірді. Ол жиырманың ішіндегі бізбен қырықтың қырқасындағы ағаларымызды шатастырып отыратын. Мен әсте, «бұлардың маған не қатысы бар» деген сыңай танытып, селқостау тыңдап отырсам керек, сәлден кейін маған қайта шүйлікті. «Мына мақтап жүргендердің бәріне сенетін сияқтысың, шалалық деген сол, шырақ. Менен мақтауды көп естіген ешкім жоқ. Көріп отырсың ғой, ақыр аяғында жалғыз қалдым»,– деп сөз аяғын Шымкенттің әйгілі мақамымен сыбап барып бітірді. Шымкентше боқтаудың талай «шебері» бар шығар, бірақ тап Тәкендей сөз басындағы «ш» әрпімен өзі қосып алатын сөз ортасындағы «ш» әрпіне ерекше екпін түсіре, дауыссыз дыбысты дауыстыға айналдыра боқтай алатын қазақты әлі кездестірмедім. Бұл қазіргі қазақ тілінің жылдар бойы зерттеліп, қалыпқа түскен сингармонизм (үндестік) заңын бір-ақ сәтте жоққа шығара салатын екпін еді. Мұрынын уқалап-уқалап алып, әлдебір тәжік жазушысын мақтады. Әлдебір қазақтарға тиісті. «Ертең мен өлген соң қазақ сөзіне ие болатын ешкім жоқ» дегенін сол жолы тұңғыш рет естідім.

Ол қазақ поэзиясы қатты дамыды, проза кенжелеп қалды деген пікірдің халық арасында енді айтыла бастаған кезі ғой, бұған көкем үзілді-кесілді қарсы болды. Өзі тұстас ақын ағаларымыздың кітаптарын және белгілі бір кісілердің жырларын сынап-мінеп, келемеждеп, «өсіп кеткен өлеңіміз осы ма сонда» деп отырғанын талай көрдік, әсіресе, төрт-бес ақын ағаларымыз туралы пікірі өте нашар болды, неге сонша шүйліккенін мен білмеймін. Анығында олар тап Тәкен көкем айтқандай төмен ақындар емес еді… Ол кезде біз көп нәрсені білмейтінбіз, айдап салу, арандату, алдау, өтірік уәде беру дегендерден бейхабар жасөспірім жаңа ақындар едік… Біздер, жастар, бөлмесіне сау етіп кіріп барғанда жылыстап шығып бара жататын кейбіреулер болды, олардың біразы әлі де тірі, біразы марқұм боп кетті, солармен сұхбаттан соң әшейінде үйден шықпайтын Тәкең міндетті түрде Жазушылар одағындағы жиналыстарға қатысып, сөз сөйлейтін. Осындай қылықтарына соңыра қатты өкінген кездерін де білеміз. Мысалы, Тахауи Ахтановқа тиіскені үшін кейін өзін-өзі күстәналап, арандатқан «прозашы інілерін» сыбап жүрді. Ал «Жазушы» баспасының редакторларын орынсыз ренжіткеніне («алдап соғып, ақшаларын қағып алдым иттердің» дегені есімде) бірде опынса, іле-шала «жоқ, олардың өзіне сол керек» деп қайта ширығып отырғанына да куә болғанбыз. Біз мұндай лас нәрселерден аулақ өстік. Әңгіме не туралы, қандай ақша, кімнен алды, неге алды, білмеймін. Бұл жәйтті еске алмай аттап кетуге де болар ма еді, алдап ақша алу Тәкеннің қолынан келетін іс емес екенін айтқым келді.

«Орыста жалғыз ақын, қазақта да жалғыз ақын бар. Қалғаны подделкалар» дейтін қолын сілтеп. Орыстағы ақыны М.Лермонтов, қазақтағы ақыны, екібастан Абай. Лермонтовты неге ерекше жақсы көретініне ол кезде қызықпаппыз. Маған «Жалықтым да, – жабықтым да» деп басталатын өлеңінің аудармасын сыйлаған болатын. Айбақ-сайбақ қолмен жазылған сол бір парақ қағазды таба алмай келемін. Бәлкім, кейін қағаздардың арасынан шығып қалар. “Я к одиночеству привык // Я б не умел ужиться с другим // Ни с кем в Отчизне не прощусь // Никто о мне не пожелеет”. Есейген сайын жүріп өткен соқпақтарыңды ойша қайта шиырлағанды ұнатасың, сондайда бұрын аңғармаған жәйттерің жарқ етіп жаңадан ашылатынын кейін біліп жүрміз ғой. Лермонтовтың «Стансыларындағы» осы шумақты, әлбетте, бұрын да оқыдық, бірақ қанша рет аттап өтіп немесе сырғытып өте шықтық десеңізші. Тәкен аға туралы естелігімізді аяқтар тұста «осы кісі Лермонтовты неге жүдә қатты ұнатты екен» деген ой келіп, қайта қарап шыққанда көкем айтатын баяғы сөздің жаны бар екеніне көзіміз жеткендей болды. Лермонтов расында жалғыздықтың ақыны. Тасың өрге домалап, шалқып-тасып тұрғанда бұл оқылмайтын ақын. Екі өлеңінен кейін-ақ жалықтыра бастайды. Ол қорланғандар мен қор болғандардың ақыны. Жаныңа серік болатын, таптырмас, алдамас, сатпас, шын дос болатын ақын Лермонтов қана. Есіл Тәкен… Кезінде Лермонтов туралы Белинский «Бұл өзі басқа бір дәуірдің ақыны» деген қорытынды жасаған. Бәлкім, Тәкен көкеміз өткен заманның сал-серілері туралы жазғанда сол заманда тумағанына қатты өкініп отырған да болар, әлде солардың біздің кезімізде тумағанына қуанды ма екен? М.Лермонтовтың «Одинок я нет отрады, стены голые кругом» деген жолдарын оқыған сайын көкемді ойлаймын. Мен тамаша ақын Аманхан Әлім туралы мақаламда Тәкен ағамыздың ақындығы туралы болған бір келеңсіз әңгімені мысалға келтіргем. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» деп, қалжыңға бұра салғанмен көкеміздің өзі туралы «Мен, асылы, мәдениетті ақындар сапындамын. Мендейлер қазақта аз» дегені ойлантады. Бұл да зерттелмей жатқан саланың бірі. Абай туралы «Жұмбақ жан» атты монографиясы да, Қасым Аманжолов хақындағы мақалалары да бөлек әңгіменің тақырыбы. Әсіресе, Абай өлеңдеріне талдауы келешек ғалымдарын бұл тақырыпқа талай мәрте оралтары анық.

Тәкен қайтқалы да талай жыл өтіпті. Біз білетін Тәкен туралы әңгіме бір таңға бітпейді. Бірақ, мұның таң қалатын несі бар, әр ұрпақ өзінің Тәкенін ашады. Әр буын көкем салған сүрлеулерді жаңаша таниды, басқа тұстан келіп табады. Жаңғыра бермек, жасара бермек, жаңара бермек дүние…

Есенғали Раушанов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған