«Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық фестиваль

«Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық фестивалі Арыс қаласында жалғасын тапты. Саз және өнер мектептері арасында өткізіліп жатқан өнер додасының аудан, қалалық іріктеу кезеңі жас өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахнаға жол ашпақ. 

Пандемияға байланысты мәдени іс-шаралар тек онлайн форматта өтіп көпшілік алдында өнер көрсетуге мүмкін болмай отырғаны белгілі. Облыстық өнер фестивалі жергілікті санитарлық эпидемиологиялық құзіретті мекемелер рұқсаты негізінде, барлық санитарлық талаптар қатаң сақтала отырып, көрерменсіз өткізілуде.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен, өңірдегі оқушы жастардың арасында дарынды балаларды қолдау мақсатында арнайы ұйымдастырылған шара барлық аудан, қалаларда өтетін болады. Алдағы күндері облыстық фестиваль Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт және Келес аудандарында жалғасады.

Өнер фестивалінің мақсаты – талантты жастарды сахна төріне шығарып, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттау, жасөспірімдердің туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Фестивальде өнердің түрлі жанрлары бойынша, қазақ халық аспаптары оркестрі, хореографиялық би ұжымдары және вокал, скрипка, үрмелі аспаптар аккордеон, хор ұжымдары өнер көрсетуде.

Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы мен аудан және қалалардағы білім бөлімдері ұйымдастырған мектепішілік өнерпаз жеткіншектердің сайысы арнайы кесте арқылы, жоспарлы түрде жүргізіліп, үздіктер іріктеледі. Фестивальдің нәтижесі алдағы наурыз айында облыс орталығындағы «Ақжайық» музыка мектебінде өтетін гала – концертпен қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған